Қазақстан мен Қытай автотасымал рұқсаттарын шектеусіз алмасуға көшеді
Бейжіңде халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі Қытай-Қазақстан бірлескен комитетінің отырысы өтті.
Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы басқарды. Делегация құрамына сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері кірді.
Отырыс барысында тараптар халықаралық автомобиль тасымалдарын дамытудың өзекті мәселелерін, соның ішінде рұқсат беру жүйесін жетілдіруді, шекаралық инфрақұрылымды дамытуды және жолаушылар тасымалының маршруттық желісін кеңейтуді талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылдың соңына дейін шетелдік рұқсат бланкілерін сандық квоталарсыз шектеусіз алмасу форматына көшу туралы келісімге қол жеткізілді.
Қазақстан және Қытай тараптарындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінің өткізу қабілетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін WeChat Pay төлем сервисі арқылы ақылы автомобиль жолдарында жүру ақысын төлеу функциясын енгізу жоспарланып отыр.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.